Нүкте

News forbes.kz

April 17 2017, 09:13 | Orazay Kydyrbayev

Қазақстандағы банк жүйесінде не болып жатыр?

Экономист Қайрат Молдашев Қазақстандағы банк жүйесінде қандай өзгеріс болып жатқанын қысқаша сипаттап берді. Банк жүйесіндегі құбылыстарды 10 картаның көмегімен түсіндіріп көрмекпіз.




[1]

Қазақстандағы банк жүйесінде не боп жатыр өзі?!


Соңғы бірнеше жылда проблемалы несиелер саны артып, еліміздегі банк жүйесі қиын жағдайға тап болған. Ұлттық банк жыл соңында Казинвестбанкті лицензиясынан айырып тастады. Қазақстандағы екі ірі банк - “Халық Банк” пен “Qazkom” бірігейін деп жатыр. Tengri Bank пен Capital Bank та қосылуға келісім жасасты.  Ал үкімет банк секторын сауықтыруға 2 триллион теңге бөліп отыр. Қысқаша сипаттағанда, осындай құбылыстар жүріп жатыр.





[2]

“Мемлекеттің банктерді сауықтыруы” дегеніміз не?


Банктерді сауықтыру - мемлекеттің қиын жағдайға тап болған банктерге көмек көрсетіп, банкроттық жағдайдан құтқарып қалуы.





[3]

Мемлекет банкті қалай сауықтырады?


Мемлекет банктердің проблемалы несиелерін сатып алу арқылы сауықтырады. Проблемалы несие деп қайтарылуы қиын несиелерді айтамыз. Осылайша, азаматтардың қарызын мемлекет төлеп берген болады. Тиісінше, борышкерлер енді банкке емес, мемлекетке қарыз боп қалады. Яғни, банктен алған несиені мемлекетке төлеуі керек.





[4]

Проблемалы несиелер қайтарыла ма?


Қайтарылуы екіталай. Себебі, проблемалы несие - проблемалы несие. Ол банк пен борышкер арасында дұрыс келісім жасалмағандықтан, несие кепілзатсыз берілгендіктен өмірге келеді.






[5]

Мемлекет не себепті көмектесіп жатыр?


Банктер мемлекетке керек. Сол себепті көмектесіп жатыр.





[6]

Банктер мемлекетке не үшін керек?


Банктер атқаратын бір қызмет бар - ірі жобаларға инвестиция құю қызметі. Бұл қызметті қазақстандық банктер қаншалықты дұрыс атқарып жүр? Ол басқа тақырып. Банктер бизнесті қаржыландырса, қаржы айналымы кеңейеді, жаңа өндіріс орындары ашылады. Мемлекет қазынасына түсетін алым-салықтардың көлемі артады. Шетелден келетін импорттық өнімге тәуелділік азаяды. Банктер мемлекетке осы үшін қажет. Дегенмен банктер ең әуелі қарапайым азаматтарға қажет.




[7]

Банктер азаматтарға не үшін қажет?


  1. Банк қарапайым азаматтардың қаржысын сенімді жерде сақтап, көбейтіп береді;

  2. Азаматтардың қаржы операцияларын жүзеге асырады;

  3. Азаматтарға несие береді, жеке кәсібіне инвестиция құяды.


Әрине, банктен несие алсаңыз, оны пайызымен қайтарасыз:)





[8]

Мемлекет жекеменшік банктерді құтқаруы керек пе?


Мемлекеттің жекеменшік банктерді құтқармауына да болады. Тіпті, неоклассикалық көзқарастағы экономистер мемлекет банктерді құтқармауы керек деп санайды. Екінші деңгейлі банктер - белгілі бір тұлғалардың жеке бизнесі. Ол тұлғалар бизнесін дұрыс жүргізбей, банк құрдымға кететін болса, бизнес иелерінің кінәсі. Мұндай жағдайда, мемлекеттің банктерге көмек көрсетпеуі орынды. Мысалы, 2008 жылғы дағдарыс кезінде, АҚШ-тағы аса ірі банк - Lehman Brothers банкротқа ұшырады. Алайда АҚШ үкіметі оған қол ұшын созбады. Себебі, банктің құлдырауына мемлекет емес, капиталды дұрыс игермеген банкирлер кінәлі еді.





[9]

Олай болса, мемлекет банктерді неге сауықтырады?


Банктердің банкротқа ұшырамауы үшін. Экономикада “Too big too fail” деген ұғым бар. Бұл ұғым мынадай мағына білдіреді: Қаржы институты неғұрлым ірі болса, оның құлдырауы экономикалық жүйеге соғұрлым үлкен зардап әкеледі. Үлкен немесе маңызды банктің банкротқа үшырауы бүкіл қаржы жүйесіне қауіп төндіреді. Екінші деңгейлі банктерді мемлекеттің қолдауы осы қорқыныштың әсерінен болуы мүмкін.


Банк жүйесі сенімге негізделген. Егер бір банк банкротқа ұшыраса, онда бүкіл банк жүйесіне сенім азаяды. Азаматтар қаржысын өз қолында ұстай бастайды немесе шетел банктерінде сақтайды. Бұл екі нұсқа да мемлекетке тиімсіз. Себебі ақшаның айналымда жүруі әрі ол ақшаның мемлекет аумағында болғаны маңызды.

Тоқсаныншы жылдары КСРО-ның банк жүйесі құрдымға ұшырап, миллиондаған азаматтың банктегі қаржысы күйіп кеткен еді. Содан бері Қазақстан азаматтары банкке күмәнмен қарайды.





[10]

Банктерді сауықтырған соң, банк жүйесі жақсара ма?


Белгісіз. Күмәнді.  Жақсарған күннің өзінде, жағдай тек уақытша түзеледі. Банк басшылары өз қатесінен сабақ алмаса, мемлекет берген ақшадан пайда жоқ. “Зомби-банктер” дүниеге келе бастайды.  


Жалпы алғанда, Қазақстанның қаржы жүйесіне байланысты нақты болжам жасау қиын. Себебі, банк жүйесіне байланысты хабарларда нақтылық жоқ. Түсініксіз нәрселер көп. Мысалы, банктер бірігуі жайлы ақпаратты жоққа шығарады. Ал бірнеше айдан кейін, сол екі банктің бірігу жайлы келіссөз жүргізе бастағанын көресіз. Министр девальвация болмайтынын айтып, халықты сенімге шақырады. Алайда аз уақыттан кейін теңге құнсызданып жатады. Бір банкті лицензиядан айырып тастап, басқа банктерге көмек қолын созып, сауықтыруы да түсініксіз.

Пікір жазу

Авторизациядан өтуіңізді сұраймыз