Фокус

News the guardian

August 6 2017, 14:17 | Orazay Kydyrbayev

Апта бейнесі: санкция, Путиннің демалысы, Кениядағы трайбализм, т.б.

Aqparat.kz осы аптаның есте қалған маңызды оқиғалары мен әлем медиасында қызу талқыға түскен хабарларға шолу жасап, оқырман назарына кезекті "апта бейнесін" ұсынады.


АҚШ vs Ресей. Санкциялар.

2 тамыз күні Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы Конгрестің қаулысына қол қойды. Бұл санкция Ресейдің мұнай-газ секторына үлкен соққы болып тиюі мүмкін. Жаңа санкция бойынша, енді АҚШ компаниялары ресейлік компаниялардың үлесі 33%-дан асатын жобаларға қатысып, қаржыландыра алмайды. Ресейдің ірі мұнай компанияларымен сауда-саттық байланысын орнатуға, қаржылай көмек беруге, тегін қызмет көрсетуге тыйым салынады.


Associated Press-тің Ақ үйдегі сенімді дереккөзі Трамптың санкцияны күшейту себебін түсіндіріп берді: АҚШ президент сайлауына араласқаны үшін Ресейді осылай жазалағысы келеді.


Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев АҚШ сауда-саттық соғысын бастағанын айтады. АҚШ санкциясына Ресей тарабы көп күттірмей лайықты жауап берді:

  • АҚШ-пен Ресей арасындағы дипломатиялық миссияда жұмыс істейтін 1210 қызметкердің 755-ін қысқарту.
  • АҚШ елшілігіне тиесілі Мәскеудегі қойма мен саяжайды қайтарып алу.

Кезіндегі қырғи қабақ соғыс қайта жалғасатын сияқты. (Cold war begins again).


Айтпақшы, Трамп та санкциядан құр алақан қалмады. Оған да біраз тыйымдар салынды. Енді ол Ресейге жарияланған санкцияны Конгресс келісімінсіз, өз бетімен тоқтата алмайды. Бейсенбі күні АҚШ Сенаты жазғы демалысқа шықты. Каникулға шықпас бұрын президент билігін шектейтін тағы бір заң қабылдап кетті. Енді Трамп 1200-ден астам лауазымды тұлғаны Сенаттың мақұлдауынсыз тағайындай алмайды. Бұрынғы президенттер Конгрестің демалыста жүргенін пайдаланып, өз бетінше тағайындау жасап тастайтын. Сенат дұрыс істеді. Трамптың жасауы мүмкін бассыздығына тежеу қойып, өздері алаңсыз демалысқа аттанды.




Миграциялық дағдарыс.

Еуропа елдерінің басты мәселесі. Миграциялық дағдарыс 2015 жылы басталған. Осының кесірінен Брекзит, ксенофобия, нативизм дүниеге келіп, Еуропа елдері арасында келіспеушіліктер пайда болды. Миграция дағдарысының алдын алу жолы біреу ғана: Африкадағы соғысты тоқтатып, кедейліктің алдын алу керек. Сол сәтте еуропалықтардың өзі Сомали мен Эритреяға ағылатын болады.


Міне, миграциялық дағдарысты сипаттайтын әдемі бір фото. Босқындардың кезекті бір тобы Морокко мен Испания шекарасын заңсыз кесіп өтуін тойлап жатыр.



"Жаңа өмірдің басталуы". REUTERS/Jesus Moron




Ең нашар жарнама.

Осыдан бірер апта бұрын британиялық жарнама стандарттары комитеті гендерлік стереотиптердің зияны жайлы есеп жариялады. Стандартқа сай келмейтін жарнамаларға енді жай ғана тыйым салынатын болады. Мысалы, Weetabix-тің (видео) немесе Aptamil-дің (видео) жарнамасы. Бұлар Британ жарнама комитетінің талаптарына сай емес. Неге? Себебі бірінші видеода өне бойы қызғылт түске толы қыз бала қуыршақпен ойнайды, итті безендіреді. Ал көк түсті суперқаһарман киімін киген ер бала оған кедергі келтірумен болады. Екінші видеода болса, қыз бала - балерина, ал ұл бала - ғалым болып өседі. Осылайша, екі жарнама да көрерменге бұрыннан қалыптасқан қате стереотиптерді ұсынып отыр.


Қазақстандық әлдебір компанияның сексизм элементтері бар жарнамасы жарияланбағанда, бұл жаңалықтың жазылмауы да мүмкін еді. (Компания атауын әдейі жазбадық. Ол aqparat.kz сайтында аталуға лайық емесдеп шештік). Әуе билетін сатумен айналысатын компанияның әйел стюардессалардың ашық денесін қолдана отырып жасаған жарнамасы көпшіліктің ашу-ызасын тудырып, қызу пікірталастың объектісіне айналды. Тіпті, BBC-дің өзі бұл дауға арнап материал жариялап тастады.


Бір елде гендерлік стереотиптер көрініс табатын жарнамаға тыйым салынса, енді бір елде әйелдердің объективизацияланған жарнамасы оп-оңай көрсетіле береді. Не істеуге болады?




Фотолар.

Аптаның үздік фотоларына кезек берейік. Ертеде қазақтардың арасында руаралық жанжалдар, талас-тартыстар болып тұрғаны белгілі. Өкініштісі сол, Африканың кейбір елдерінде трайбализм дерті әлі де асқынып тұр. Мысалы, Африканың ең тұрақты деген мемлекеттерінің бірі - Кенияда. Бұл елде сейсенбі күні президент сайлауы өтеді. Кениядағы ресми 42 тайпаның дауыс берушілері тек өз тайпасын сайлағысы келеді.


Сайлау қарсаңында руаралық қақтығыстар жиілеп кететіндіктен, кейбір тұрғындар қажетті дүниелерін алып, сайлау бітіп, ел тынышталғанша үйден шықпауға бекінген. Өрт сөндіруші көліктер мен полиция қызметкерлерінің де саны артқан. 2007 жылғы руаралық қақтығыс кезінде 1200 адам қаза болған-ды. Біз мұндай қантөгістің орын алмауын тілейміз.



Туркана тайпасының өкілдері өзіне тиесілі қойларды өзге тайпадан қорғау үшін қарумен күзетіп жүр.


Алдыгүні Руанда мемлекетінде де президент сайлауы өткен. Елді 17 жылдан бері басқарып келе жатқан Поль Кагаме үшінші рет сайланды. Кандидат бар болғаны 99% дауыс жинапты. Иә, 99% дауыс!




Поль Кагаме cайлау алды науқанда. AFP/Marco Longari


Сіз басқаратын мемлекетке ауыр санкциялар салынып, елдің негізгі табыс көзі - мұнайдың бағасы арзандап, ауыр дағдарыс басталып кетсе не істер едіңіз? Мысалы, Ресей президенті Владимир Путин табиғат аясында демалып, балық аулап қайтады.


Әрине өз денсаулығы орнында екенін көрсету үшін жалаңаштанып фотоға түсуді де ұмытпайды.


Соңғы фото. Байқоңырдан ұшқан зымыран. 28 шілде күні кезекті Союз ғарыш кемесі космосқа аттанған болатын. Айтпақшы, біз бұл фотоның қалай түсірлгені жайлы материал әзірлегенбіз. Ерінбей оқып шықсаңыз болады.


Байқоңырдан ұшқан зымыран. REUTERS/Shamil Zhumatov


Фокусқа іліккен апта оқиғалары осылар болды. Қаласаңыз, Youtube желісіндегі ең көп көрілім жинаған клипті көріп шықсаңыз боладыКелер аптада жағымды жаңалықтар көп болсын! 

Пікір жазу

Авторизациядан өтуіңізді сұраймыз