Жаңалықтар

News vlast.kz

August 11 2017, 06:02 | Orazay Kydyrbayev

Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктерге жаңа бағдарлама арқылы көмектеседі

Ұлттық Банк Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерге жәрдемдесуге арналған жаңа бағдарламаны қыркүйек айында іске қоспақшы. Бұл бағдарламаға мемлекеттен 0,6-1,0 триллион теңге ($1,8-3,0 млрд) бөлу жоспарланған.  Мұны кеше банк секторын қадағалау басқармасының басшысы Олжас Кизатов хабарлады.


2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, Қазақстан банктеріндегі проблемалы несиелердің мөлшері - 11%. Олжас Кизатов “шындығында, біз бұл мөлшердің жоғары екенін түсінеміз” дейді. “Біз екінші деңгейлі банктердің проблемалы несиелерден құтылуына көмектесуіміз керек. Бұл қосымша шараларды іске асыру арқылы ғана мүмкін болады” дейді ол.


Ұлттық Банктің бағдарламасына Қазақстандағы кез келген банк қатыса алады. Тек банктің капиталы 45 млрд теңгеден кем болмауы керек. Елдегі 33 екінші деңгейлі банктің кем дегенде жартысы осы талапқа сай келеді.


Жаңа бағдарламаға сәйкес, тұрақтылық қоры екінші деңгейлі банктердің проблемалы несиелерін сатып алатын болады. Мұны жүзеге асыру үшін 0,6-1,0 трлн теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осыған дейін де банк секторын сауықтыру үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген болатын.


Шілде айында проблемалы несиелерге арналған мемлекеттік қор Qazkom-ның 2,4 трлн теңгелік істен шыққан активтерін сатып алған еді. Осыдан кейін Халық Банк Qazkom-ның 96,81% акциясын сатып алды.


Тақырыпқа қатысты: Қазақстандағы банк жүйесінде не болып жатыр?

Пікір жазу

Авторизациядан өтуіңізді сұраймыз