Жаңалықтар

News Getty images/R. Tabassum

August 11 2017, 10:00 | Orazay Kydyrbayev

2016: 137 жыл бақылаудағы ең ыстық жыл

2016 жылы жаһандық жылынудың бүкіл тенденциясы сол қалпы жалғасын тапты: әлемде жоғары температура рекорды орнады, мұхит деңгейі көтерілді, парник газдарының концентрациясы артты.


Жер бетінің жалпы орташа температурасы 137 жылдық бақылаудағы ең рекордты температураны көрсетті. Бұл жайлы АҚШ-тың мұхит және атмосфераны зерттеу ұлттық басқармасының есебінде айтылады. 1981-2010 жылдар арасында тіркелген орташа ауа температурасымен салыстырғанда, өткен жылы Жер бетінің қызуы 0,45-0,56 Цельсийге көтерілген. Мұны экологтар жаһандық жылынумен және мұхиттан соғатын Эль-Ниньо феноменімен байланыстырады.


Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы да біршама көтеріліп, рекордты нәтижені көрсетті. 2015 жылмен салыстырғанда, мұхит бетінің қызуы 0,01-0,03 градусқа артқан. Спутник технологияларының көмегімен есептеу мүмкіндігі туған 1993 жылдан бері, мұхит суларының деңгейі 88 мм-ге жоғарылады.


1981-2010 жылдар арасындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, тропиктік циклондардың соғуы жиілей түсті. Ал атмосферадағы парниктік газ мөлшері максималды деңгейге жеткен.


Климаттың өзгеру себебімен бүкіл әлемге қауіп төніп тұрса да, кейбір мемлекеттер мен мемлекет басшылары экологиялық мәселемен күреске жете мән бермей келеді. Маусым айының басында АҚШ президенті Трамп өзі басқаратын мемлекеттің Париж келісімінен шығатынын айтты. Париж келісімі - жаһандық жылынумен, климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған халықаралық хаттама.


Дамыған елдердің жылу энергиясынан бас тартып жатқанына қарамастан, Қазақстан 2040 жылдың өзінде энергияның 58%-ын жылу электр станцияларынан алатын болады. Мұндай ойды кеше ғана Kazenergy қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов айтқан болатын.

Пікір жазу

Авторизациядан өтуіңізді сұраймыз