Print

Фокус

Orazay Kydyrbayev

Журналист

August 12, 15:13

Апта бейнесі: Солтүстік Корея, Гуам, Google, айдың тұтылуы


Aqparat.kz кезекті апта бейнесін ұсынады. Бұл апта Солтүстік Корея мен АҚШ арасындағы “сөз соғысымен” есте қалды. Google әйел адамның қабілеті төмендеу деп есептейтін қызметкерін жұмыстан қуды. Ай тұтылды, Қытайда жер сілкінді. Кенияда президент сайлауы өтті. Ал Сириядағы азамат соғысы әлі жалғасып жатыр.


The World vs North Korea.

Ешкімнің айтқанына көнбейтін қырсық КХДР және оның ессіз қылықтарынан қорқатын әлемнің өзге мемлекеттері. Бұлардың бір-біріне алма-кезек жолдаған ескертуі - осы аптаның бас тақырыбы. Таяу Шығыстағы соғыс, босқындар дағдарысы сәл ұмытылып, әлем медиасы Солтүстік Кореяның әрекеттерін талқылады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі КХДР-ға қарсы санкция шарасын қабылдағаннан кейін, мәселе ушыға түскен. Санкциялар нәтижесінде КХДР бірнеше млрд доллар табыстан айырылады. Бұған қарсылық ретінде ол ядролық қару қолданудан тайынбайтынын айтады. Текетірес қалай өрбігенін түсіндіру үшін медиаға мынадай шолу жасадық. 


7 тамыз, 2017 жыл.

Солтүстік Корея: “АҚШ шабуыл жасайтын болса, ядролық қару қолдана отырып қатал сабақ беретін боламыз”. Осы күні КХДР сыртқы министрі “АҚШ-ты қолдамайынша, ешбір мемлекетке қауіп төндірмейміз” деді. Ал осы мәлімдемеден кейін Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкция жайлы қаулысын қолдап шықты. Бұл Қаулы АҚШ елінің бастамасымен қабылданған болатын.  


8 тамыз, 2017 жыл.

Washington Post: “Американ сарапшылары Солтүстік Кореяның ядролық қару жасап жатқанын айтады”.


Сол күні, сәлден кейін.

Дональд Трамп: “Солтүстік Кореяның АҚШ-қа қауіп төндірмегені жөн. Әйтпесе әлем осыған дейін көрмеген өрт пен қаһарға куә болады”. Ағылшын тілінде “өрт пен қаһар” сөздері (fire and fury) сондай асқақ естіледі. Ал ол Трамптың аузынан шыққанда тіпті асқақтай түседі: (+видео).


Сол күні, Трамп мәлімдемесінен бірнеше сағат өткен соң.

Солтүстік Корея: “Бірнеше күн ішінде Гуам аралына* 4 зымыран ұшырудың жоспарын құрастырамыз. Олар 18 минутта 3356 шақырым қашықтықты артқа тастап, аралдан 40 км жерге құлайды”. (Өзге елдерге әскери әлеуетін көрсетіп, ескерту жасамаған түрі).


*Гуам аралы - АҚШ-тың құрамына кірмейтін, бірақ басқаруына енетін Тынық мұхитындағы арал. Арал тұрғындары АҚШ азаматтары болып саналады. Бірақ сайлауларда дауыс беру құқығына ие емес. Тұрғын саны - 200 мың адам. Бұл жерде АҚШ-тың ірі әскери базасы орналасқан.    


9 тамыз, 2017 жыл.

Пентагон басшысы: “Егер Солтүстік Корея АҚШ-пен соғысар болса, оларды мемлекет режимнің күйреуі мен халқының қырылуы күтіп тұр”.



9 тамыз күні КХДР халқы Ким Чен Ынды қолдап шеруге шықты. KCNA/via REUTERS


12 тамыз, 2017 жыл.

Дональд Трамп: “АҚШ әскері сақадай сай тұр”.


Екі мемлекет тек сөзбен “соғысып” жатыр. Шын соғыс болмай-ақ қойсын дейміз.

Қосымша: “Солтүстік Корея КСРО-дан қалған зымырандармен қорқытып жатыр”.


Корея несімен қорқынышты? Бұл сұраққа мынадай үш жауап ұсынар едік:

  1. Ешкімге көнбейтін, бәрін дұшпан санайтын бірбеткей билігімен, Ким Чен Ын есімді президентімен;

  2. 1 млн қарулы әскерімен;

  3. Ядролық бағдарламасымен.


Google.

Солтүстік Корея жайлы тым ұзақ жазып кеткен сияқтымыз. Енді Google-ға тоқталайық. Бұл компанияның әлдебір қызметкері бірнеше беттік манифест жариялаған. Ол құжатты мына жерден оқи аласыз. Құжатта компанияның әйелдерді қолдан көтермелеп отырғаны, олардың (биологиялық ерекшелігіне байланысты) мықты бағдарламашы бола алмайтыны айтылған. (Ердің/әйелдің интеллектуалдық деңгейі бір-бірінен жоғары не төмен болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген емес). Даулы мәлімдемені жариялаған қызметкер ертеңінде жұмыстан қуылды. Мұны Google басшысы қызметкердің гендерлік стереотиптерді нығайтып, компания құндылықтарына қарсы шығуымен, қызмет этикасын бұзуымен түсіндіреді.


Дегенмен Google қызметкерін қолдайтындар да табылды. Оны тіпті Wikileaks-тің құрушысы өз тобына шақырды. Оның айтуынша, Google өз пікірін білдірген жұмысшыны қуу арқылы үлкен қателік жіберген. “Жұмыстан қуғанша, диалогқа шақыруы керек еді” дейді ол.


Бұл оқиға жайлы жазбай қалуымыз да мүмкін еді. Кеше қазақстандық бір топ қыз Сан-Францискодағы Technovation Challenge байқауының гран-приін ұтып алды. Олар құрастырған Qamcare қосымшасы үздік деп танылған.


Жеңімпаздарды құттықтау үшін Google-дың директоры Сундар Пичай арнайы келіп, қазақстандық қыздармен фотоға түсті. Instagram/usinkz


Фотолар. 1. Усейн Болт спорттағы карьерасын аяқтады. Лондондағы жеңіл атлетика чемпионатында соңғы рет бақ сынап, үшінші орын алып қалды. Енді Болт секілді желаяқ шыға ма, шықпай ма, білмейміз.



Атлеттер 100 метрге жүгіріп барады. AP/Matt Dunham


2. Қытайда жер сілкінді. 100 шақты адам қайтыс болып, жүздеген мың зақымданған. 

Зілзаладан сақтану үшін мына азаматтар далада ұйықтап жатыр. AFP/Nicolas Asfouri


3. Кенияда президент сайлауы өтті. Биліктегі Ухуру Кениата екінші мәрте сайланды. Алайда халықтың бір бөлігі нәтижелерге риза емес. Олар шеруге шықты. Қақтығыс кезінде бірнеше адам қайтыс болды деген дерек те бар. Өткен аптада Кениядағы сайлаудың ерекшеліктерін жазған болатынбыз


Оппозиция жақтастары сайлау нәтижесін мойындамайды. AFP/LuisTato


4. Сирияда азамат соғысы жалғасып жатыр. Біз Таяу Шығысты ұмытпадық. Төмендегі фотодан Сириядағы оппозициялық қозғалыс - “Сирияның демократиялық күштері” сапындағы әйел жауынгерлерді байқаймыз. Олар Хасака қаласының төңірегінде демалып отыр.



Әйел жауынгерлер. REUTERS/Rodi Said


5. Ай тұтылды. 7 тамызда Ай тұтылды. Айтпақшы, жыл сайын тамыз айында Жер ғаламшарының жанынан Персеид метеориттері ұшып өтеді. Ұсақ метеориттер Жер атмосферасына еніп үлгермей, жанып кетеді. Олардың жануы бізге аққан жұлдыз болып көрінеді. Әсіресе, 12 тамыз түнінде Персеид метеориттері көп түседі. Мұндай оқиғаны кәсіби фотографтар таспаға түсіріп қалғысы келеді. Қала сыртына шығып кетіп, сіз де жұлдыздардың аққанын бақылай аласыз. Өкінішке қарай, бүгін Алматының аспаны бұлттанып тұр. Жұлдыздар көрінбейді. Сол себепті Персеид құйрықты жұлдыздарының ғаламтордағы фотосына қарап, құмарды тарқата тұруға мәжбүрміз.


 Айдың тұтылу сәті. Ежелгі Афины маңайы. Reuters/Costas Baltast


6. Сингапурдың 52-ші жылы. Сингапур мемлекеті 52 жылдығын атап өтті. Мына видео - мерекелік іс-шарадан естелік. Өшіп-жанып, түрлі бейнеге еніп жатқан нәрсе - отшашу емес, көкте ұшып жүрген 300 дрон.



7. Қар барысы. Сирек кездесетін аңды Қырғызстанда суретке түсіріп алған екен. Апта бейнесін осы жыртқыштың фотосымен аяқтағымыз келеді. 


Ыстықкөл төңірегіндегі қар барысы. AFP/Vyacheslav Oseledko.


Алдағы демалыс сәтті өтсін. Жағымды жаңалықтар көп болсын.

http://aqparat.kz/newsread/412